Референдум-2026

Елімізде 754 шақырым жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр

Бүгін, 11:40
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде 754 шақырым жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп жатыр
Фото: Magnific.соm

Теміржол саласының өсімі 3,4 есеге артады. Жыл қорытындысы бойынша аталған көрсеткіш 3,3 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ол сондай-ақ теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында 754 шақырым жаңа жол салынып жатқанын және 3 мың шақырым жолды жаңғырту жұмыстары аяқталатынын атап өтті.

Биыл «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы аяқталады.

«Сонымен бірге бірқатар жаңа жобаға кірісіп жатырмыз, оның ішінде Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Және Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын жаңғырту жоспарланған. Қосымша Индербор – Орал және Қарағанды – Қарағайлы жобаларына дайындық жұмыстарға кірісіп жатырмыз», — деді Нұрлан Сауранбаев.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 15,2%-ға артқаны туралы жаздық.