Елімізде 2,3 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыс арқылы жазасын өтеп жүр
Қазақстанда жыл басынан бері 2 300-ден астам адам сот шешімі бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық-атқару жүйесінің мәліметінше, қазіргі уақытта пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың бір бөлігі қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмысы үшін сот тағайындаған қоғамдық жұмысты орындап жатыр. Бүгінде олардың ішінде мыңға жуық адам белгіленген сағатын қоғам игілігіне еңбек ету арқылы өтеп жүр.
Сотталғандар негізінен қала мен елді мекендердегі көшелерді, саябақтарды, аулаларды және балалар алаңдарын тазалау, көгалдандыру және абаттандыру жұмысына қатысады. Мұндай еңбек түрі арнайы кәсіби дайындықты талап етпейді және пробация қызметінің бақылауымен жүзеге асады. Олар күніне төрт сағаттан артық жұмыс істемейді.
«Мысал ретінде Павлодар облысында болған жағдай келтірілген. Онда ер адам жанжал кезінде жеңіл дене жарақатын салғаны үшін сот шешімімен 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған. Жазасын толық өтеген ол тәртіп бұзушылыққа жол бермей, пробация есебінен шығарылған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті өкілдерінің айтуынша, қоғамдық жұмыстардың негізгі мақсаты – адамды еңбек арқылы түзеу және қайталанатын құқықбұзушылықтың алдын алу», – делінген хабарламада.