Елімізде 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау жоспарланды
ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ол қазіргі уақытта «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының электрондық платформасында 330 млрд теңгеге 105 жоба орналастырылғанын атап өтті. Оның ішінде 20 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, 58-і жүзеге асыруға дайын, екеуі бойынша тарифті анықтау аяқталуда, тағы 25-і қаралуда.
«Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде 209 млрд теңгеге 516 жобаны қаржыландыру көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,9 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін реконструкциялау және олардың тозу деңгейін 43%-ға дейін төмендету жоспарлануда», - деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Министр инженерлік желілерді жаңғырту су бұру жүйесінің негізгі объектісі – кәріз-тазарту құрылыстарын жаңартумен қатар жүруі тиіс екенін айтты. Ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 800 млрд теңгеден асатын 45 кәріз-тазарту жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін биыл ұлттық жоба аясында елімізде 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделетіні туралы жаздық.