ДСМ: ЖИ инсульт пен онкологияны жылдам анықтауға көмектеседі
Денсаулық сақтау министрлігі диагностиканың дәлдігін арттыру, клиникалық шешім қабылдауды жақсарту және медициналық көмектің сапасын көтеру мақсатында жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңызды бағыттың бірі – инсультті диагностикалау кезінде жасанды интеллект қолдану. Cerebra автоматтандырылған диагностика жүйесі еліміздің 9 инсульт орталығында енгізілген.
«Бұл технология инсульт белгісін ерте кезеңде жедел анықтауға мүмкіндік береді, соның арқасында клиникалық шешімді жылдам қабылдауға және емдеуді дер кезінде бастауға жағдай жасалады. Жүйені енгізу нәтижесінде тромболитикалық терапияны қолдану 40%-ға артты. 2026 жылы бұл шешімді 33 инсульт орталығына дейін кеңейту жоспарланып отыр», делінген хабарламада.
Онкологиялық қызметте WDSoft компаниясы әзірлеген ауруды ерте анықтауға арналған шешім енгізілді. Радиологиялық кескіндерді талдау кезінде жасанды интеллект технологиясын қолдану сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
«Жасанды интеллектті қолданудың арқасында онкологиялық ауруды анықтау көрсеткіші 32%-ға артты, ал диагностика жасау уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды. Қазіргі уақытта жоба еліміздің 12 өңіріндегі 190 медициналық ұйымда іске асырылып жатыр және оны одан әрі кеңейту қолға алынды», делінген хабарламада.
Заманауи технологиялар стоматология саласында да белсенді қолданылады. Aidentis шешімі рентген суретін автоматты түрде талдап, патологиялық өзгерісті анықтап, емдеуге ұсыным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде кескіндерді талдау уақыты бір сағаттан бір минутқа дейін қысқарды.
«Барлық цифрлық шешім Медициналық деректердің бірыңғай қоймасы базасында іске асырылады. Бұл медициналық ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласын басқару тиімділігін арттыруға және Қазақстанда зияткерлік медицинаны одан әрі дамытуға негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп мәлімдеді ведомство.
Еске сала кетсек, жаңа Конституция жобасы бойынша AI платформа таныстырылды.