Дін мемлекеттен бөлек: бұл ұстаным жаңа Конституцияның жобасында нақты көрініс тапты - Азамат Айтқожин
Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтқожин Facebook-тегі парақшасында Жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Дін мемлекеттен бөлек болуы тиіс. Бұл ұстаным жаңа Конституция жобасында нақты көрініс тапты.
Бұл қағиданы қоғам үшін маңызды әрі уақыт талабына сай шешім деп санауға болады. Өйткені мемлекет барша азаматқа бірдей қарауы керек, ал заң мен мемлекеттік шешімдер діни көзқарасқа емес, ортақ мүдде мен әділет қағидаттарына сүйенуі тиіс.
Дін - әр адамның жеке таңдауы. Ал мемлекеттің зайырлы болуы ар-ождан бостандығын сақтауға, түрлі сенім иелерінің теңдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы татулықты нығайтуға мүмкіндік береді. Осы қағиданың Конституция деңгейінде бекітілуі – тұрақты, әділ және біртұтас қоғам құру жолындағы маңызды қадам деп есептеймін», - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.