Оралдағы көпқабатты үйде газ жарылып, қызыл жалын терезені ұшырып әкетті
Орал қаласында пәтерден өрт тұтанып, газ жарылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Батыс Қазақстан облысының ТЖБ-на сілтеме жасап.
12 желтоқсанда БҚО ТЖД-нің 112 бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметінің телефонына бес қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтердің балкон терезесінен қою түтін көрінгені туралы хабарлама келіп түсті.
Шақыру орнына жедел келген өрт сөндіру бөлімшелері пәтердегі заттар мен жиһаздар ашық жалынмен жанып жатқанын анықтады.
Газ-ауа қоспасының жарылысы нәтижесінде терезе жақтауы мен балкон қалқасы атып кетіп, өртті сөндіру қиындап кетті.
Құтқарушылардың үй тұрғындарын уақтылы эвакуациялауының арқасында ауыр зардаптар болған жоқ. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде ешкім тұрмаған.
«Өрт 10 шаршы метр аумақта толығымен жойылды. Себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге жеке құрамның 23 қызметкері және ТЖД техникасының 6 бірлігі жұмылдырылды», - делінген ТЖБ берген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Астанада тандырханадан өрт шығып, жарақат алғандардың жағдайы ауырлағаны туралы хабарлаған едік.