БҚО-да полиция талабына бағынудан бас тартқан бір топ адам ұсталды
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамаған және агрессивті мінез танытқан бір топ азаматқа қатысты бейнежазба таралды. Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оқиға Ақсай қаласында 29 наурыз күні таңғы сағат 5-те болған. Азаматтың шағымы бойынша полиция қызметкерлері мас ер адамға қатысты тиісті шара қабылдаған.
«Тексеру барысында мас адамның таныстары өзін өрескел ұстап, полиция қызметкерлерінің заңды әрекетіне кедергі келтіріп, талаптарын елемеген.
Мас күйдегі құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Агрессия танытып, қарсылық көрсеткен өзге азаматтарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Барлық адам анықталып, ұсталды», делінген хабарламада
Департаменттің мәлімдеуінше, оқиғаға қатысы бар адамдардың барлық әрекетіне толық құқықтық баға беріледі.
Еске сала кетсек, Ұлытау облысында ірі есірткі жеткізу арнасы жойылды.