Boxam Elite халықаралық турнирінен не күтеміз

Boxam Elite халықаралық турнирінен не күтеміз
Фото

Бүгін бокстан ұлттық құраманың жұлдызды спортшылары Испанияның Ла-Нусия қаласындағы дәстүрлі Boxam халықаралық турнирін бастайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Boxam турнирі қашаннан бері өтеді?

1976 жылы Альмерияда басталған жарыс түрлі қалаларда ұйымдастырылып келді. Алайда бұл турнирді көптеген елдер кейінгі жылдары Олимпиада ойындарына дайындық ретінде қатысуға шешім қабылдаған. Нәтижесінде әлемдік бокс көшбасшылары Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ және т.б елдердің қатысуының арқасында турнирдің танымалдылығы артты. Ал биылғы бәсекеге Қазақстан құрамасы Азия чемпионатына дайындық мақсатында аттанды.

Қазақстан боксшылары қашаннан бері қатысады?

Қазақстанның ерлер құрамасы Испаниядағы турнирге тұрақты түрде қатыспайды. Жарыстың тарихына көз жүгіртсек, тек 1999 жылы Болат Жұмаділов пен 2021 жылы Махмұд Сабырхан ғана чемпион атанған. Әсіресе Махмұд Сабырхан 5 мәрте қатарынан жеңімпаз топ жарған Габриэль Эскобарға қарсы керемет шеберліктің үлгісін көрсете білді. 2025 жылы ұлттық құрама сапынан 26 боксшы сынға түсті. Нәтижесінде үш салмақтағы финалдық айқас қазақстандықтардың арасында өтті. Сол сәтте алтын медальді Нұрзат Оңғаров (48 келі), Бағлан Кенжебек (54 келі), Ерхан Тұрдан (57 келі), Жексен Бейбарыс (60 келі), Алмат Әбдуали (63,5 келі), Дархан Дүйсебай (71 келі) мойынына таққан болатын.

Қандай елдер қатысады?

Бес күнге жалғасатын бәсекеде Бельгия, Канада, Кабо-Верде, Чехия, Дания, Англия, Эстония, Франция, Үндістан, Люксембург, Нидерланд, Польша, Шотландия, Испания, Швеция, Швейцария, Тайпей, Таиланд, Украина, Уэльс құрамасынан 124 боксшы тіркелді.

Қазақстан қандай құрамын апарды?

Қазақстан құрамасының тізімінде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай, әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Азия чемпионы Сағындық Тоғамбай мен жастар арасында әлем чемпионы Бексұлтан Боранбек бар.

Жеребе нәтижесі:

50 келі. Санжар Ташкенбай - Риши Сингх (Үндістан)
50 келі. Нұрзат Оңғаров - Исайя Рок (Канада)

55 келі. Махмұд Сабырхан  - Изайя Гоше (23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы, Франция)
55 келі. Бексұлтан Боранбек - Аарон Эндрю Каллем (Шотландия)

60 келі. Серік Теміржанов - Махмуд әл-Шабтун (Нидерланд) / Кеома-Али әл-Ахмадиех (Канада)
60 келі. Дәулет Молдашев - Джек Драйден (Англия)

65 келі. Санатәлі Төлтаев - Габриэль Али Лабри (Канада)

70 келі. Төрехан Сабырхан - Аилтон Монтейру (Кабо-Верде)
70 келі. Нұрбек Мұрсал - Виттхайя Чансом (Таиланд)

75 келі. Тимур Нұрсейітов - Адмилсон Тавареш (Кабо-Верде) / Кайл Шоу-Таллин (Англия)
75 келі. Аман Қонысбеков - Лукаш Зыгула (Польша)

80 келі. Ерасыл Жақпеков - Джошуа Офори (2025 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалисі, Канада)
80 келі. Азамат Бектас - Джамал Кулиев (23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионы, Украина)

85 келі. Нұрбек Оралбай - Данила Жасан (2025 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Украина)

90 келі. Оңталап Рахманов - Леон Кермас (Эстония)
90 келі. Сағындық Тоғамбай - Кандоро Сукуна (Франция) / Наман Танвар (Үндістан)

90+ келі. Нұрасыл Асылхан - Саван Гилл (Үндістан)
90+ келі. Айбек Оралбай - Мэтт Уильямс (Англия)

Бәсекені төмендегі сілтеме арқылы көре аласыздар. Жарыс 7 ақпан күні мәресіне жетеді.