Референдум-2026

«Болашақ ойындары – 2026»: Астанада әлемнің үздік командалары бас қосты

«Болашақ ойындары – 2026»: Астанада әлемнің үздік командалары бас қосты
Фото: Ақорда

Астана қаласында «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турнирінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бүгін Астана әлемдік фиджитал спорттың астанасына айналды. Қазақстан елордасында «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna халықаралық мультиспорттық турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – дәстүрлі спортты, киберспортты және заманауи технологияларды біріктіретін халықаралық мультиспорттық турнир. 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін он бір күндік жарыс барысында 800-ден астам қатысушы чемпиондық атақ үшін бақ сынайды.

Турнирдің жалпы жүлде қоры – 4,65 миллион АҚШ доллары. Қатысушылар сегіз дисциплина бойынша үздіктерді анықтайды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Турнир халықаралық жарыстар тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы саналады. Мұнда цифрлық технологиялар спортшылардың жылдамдығы, күші мен шеберлігі секілді жарыстың маңызды құрамдас бөлігіне айналады.

Турнирдің басты ерекшелігі – клубтық формат. Мұнда ұлттық құрамалар емес, әртүрлі елдердің ойыншыларын біріктіретін кәсіби клубтар бақ сынайды. Фиджитал дисциплиналарында командалар алдымен цифрлық кеңістікте өзара мықтыны анықтап, кейін қарсыласты нақты спорт алаңында жалғастырады. Жарыс бағдарламасына сегіз дисциплина енген. Олар: Phygital Football UFL Presented by Samruk-Kazyna, Phygital Basketball Presented by Halyk Fund, Phygital Fighting Presented by Kazzinc, Dota 2, Counter-Strike 2, PUBG: BATTLEGROUNDS, Mobile Legends: Bang Bangжәне Phygital Dancing. Астана ареналарында әлемнің үздік клубтары мен командалары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Team Spirit, T1, Team Falcons, Xtreme Gaming, Vici Gaming, Boca Juniors, Valencia Basket, LGD.Pinghu, Twisted Minds, Bigetron by Vitality және әлемдік спорт пен киберспорттың өзге де жетекші өкілдері бар.

Қазақстанның атынан «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турнирінде 11 команда мен спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында ACF x Allur, UEL Team, PBC Astana, GTB KZ және Future Nomads бар. Жарыстар елорданың төрт спорт нысанында өтуде: Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Astana Arena, Barys Arena және Alau мұз сарайында. Ашылу салтанатына келген көрермендер заманауи технологиялар мен спорттық драматургияны үйлестірген ауқымды шоудың куәсі болды. Жасанды интеллект негізіндегі графика, LED-инсталляциялар, лазерлік және жарық эффектілері, сондай-ақ роботтандырылған элементтер турнирдің жарқын басталуына ерекше әсер берді. Жарыстардан бөлек, жанкүйерлер үшін де мазмұнды бағдарлама әзірленген. Қонақтарды интерактивті аймақтар, түрлі байқаулар, турнир қатысушыларымен автограф-сессиялар және басқа да ойын-сауық шаралары күтеді. Жарыс кестесімен, іс-шаралар бағдарламасымен және турнир жаңалықтарымен 2026 жылғы Болашақ ойындарының (GOTF 2026) ресми сайтынан танысуға болады.

«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna ойындарының ұйымдастырушысы – Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ. Сонымен қатар жарысқа «Самұрық-Қазына» АҚ мен SportQory спортты қолдау қоры қолдау көрсетуде.

«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) powered by Samruk-Kazyna турнирінің ресми серіктестері – «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ (ТТК), «Қазақмыс» корпорациясы, Beeline Қазақстан және Air Astana. Аталған компаниялар халықаралық фиджитал спорттың жаңа буынын дамытуға қолдау көрсетіп келеді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирін ашқан болатын.