Біз талантты кәсіпкерлерді мемлекеттің тірегі ретінде қолдауға тиіспіз - Премьер-министр
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Қазақстанның тамақ өнімдерін өндіру бағытындағы жоғары әлеуетін атап өтті. Мысал ретінде жақында Астана қаласы бойынша жұмыс сапары барысында барған отандық компанияны келтірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нәтиже бар деп айтуға болады, бірақ осы тамақ өнімін өндіру бағытында әлеует өте жоғары. Біз әлі күнге дейін өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай жүрміз. Сондықтан мүмкіндіктер бар. Мысалы мен кеше Астанадағы «Тәп-тәтті» компаниясына бардым. Ол кішігірім кондитерлік цехтан бастап, 4-5 жылдың ішінде үлкен зауытқа айналды. 1,5 мың адам жұмыс істеп жатыр.
Осындай кәсіпкерлерді насихаттап, қолдауымыз керек. Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осындай таланты бар адамдарға қолдау көрсету қажет. Мұндай кәсіпкерлер – әрбір мемлекеттің негізгі тірегі. Оны дұрыстап түсіне білу керек. Барлық Үкімет мүшелеріне, әкімдерге айтатыным, осындай кәсіпкерлер барлық өңірде бар. Оларға барынша қолдау көрсетіңіздер», - деді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, бұған дейін Олжас Бектенов қайта өңдеу саласындағы жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды.