Бектенов қайта өңдеу саласындағы жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты өндірісті қолдау, инвесторларды тарту және озық цифрлық технологияларды іске қосу бағытында шаралар қабылдау қажеттігін айтқанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Өңдеу өнеркәсібінің құрылымын өзгерту қажет. Кейбір бағыттар бойынша әлі де болса төмен деңгейде өңделген өнімдердің үлесі басым. Яғни, бұл қосылған құнның негізгі бөлігі экономикамыздың аясынан тыс қалыптасып жатқанын білдіреді.
Біздің мақсатымыз – жоғары деңгейде өңделген әрі технологиялық жағынан озық өнімдер шығару ісін жолға қою. Бұл орайда жинақтаушы бөлшектер шығару, локализация деңгейін арттыру, заманауи технологияларды қолдану, өндірісті автоматтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру мәселесіне баса назар аудару керек», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министр Өнеркәсіп, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері мен «Бәйтерек» холдингіне бір ай мерзімде қайта өңдеу саласында қосылған құны және экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер шығаратын жаңа өнеркәсіптік жобалардың нақты тізбесін ұсынуды тапсырды.
Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуы тиіс екені атап өтілді.
«Іске қосылатын әр жоба өз алдына бөлек емес, экономикаға мультипликативті әсері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылуға тиіс. Салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер перспективті инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылымиен, ресурстармен, мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етсін», - деді Премьер-министр.
Бұған дейін елімізде экологиялық автомобиль және авиациялық отын өндіретін зауыт салынатынын жаздық.