Биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлідегі үш жаңа әуежайдың құрылысы аяқталады
Азаматтық авиация саласында биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі туристік аймақтарындағы үш жаңа әуежайдың құрылысы аяқталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Көлік паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері 3 ұшақ алынды: Air Astana — 1, SCAT Airlines — 2.
Министрліктің мәлімдеуінше, елдегі көлік саласы тұрақты өсу қарқынын сақтап отыр. Қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша саладағы нақты көлем индексі 112,8%-ды көрсетті. Көрсетілген қызмет көлемі 2,9 трлн теңгеге жетті,
Тасымалданған жүктің жалпы көлемі өткен жылдың қаңтар–наурыз айларымен салыстырғанда 8%-ға артып, 239,8 млн тоннаға жетті. Жолаушылар тасымалының көлемі 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамға жетті.
Жыл соңына дейін оң динамиканы сақтау ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, жұмыстың барлық түрлерімен 11 мың шақырым автомобиль жолын қамту жоспарлануда.
Теміржол саласында «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» жаңа желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл желінің өткізу қабілетін арттырып, елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, теміржолда 1 800 жылжымалы құрамды жаңарту қарастырылған, оның ішінде: 236 локомотив, 1373 жүк вагоны және 191 жолаушылар вагоны бар.
Еске сала кетсек, таяуда Үкіметте көлік-транзиттік әлеуетті дамыту мәселесі талқыланды.