Биыл елімізде 2,2 млн гектар алқапта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі

Биыл елімізде 2,2 млн гектар алқапта шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі
Фото: АШМ

Биыл үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмысының болжамды көлемі 2,2 млн гектар болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инспекция комитеті мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен жедел штабы отырысында зиянкестерге қарсы қорғау іс-шараларын жүргізу және шегірткелердің трансшекаралық көші-қонының алдын алу мәселелері қаралды.

Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 500 мың гектарға аз. Оған мониторинг сапасының артуы, зиянкестер ошағын уақтылы анықтау және оларды жедел жою шарасының тиімділігін арттыру оң ықпал етті.

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инспекция комитетінің  төрағасы Сәкен Қаныбековтің айтуынша, биылғы маусымда зерттеу әдісін жаңғыртуға және мониторингтің дәлдігін арттыруға назар аударылады. Осы мақсатта қосымша 50 дрон сатып алынып, олардың жалпы саны 57-ге жеткізілді.

Елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында және Жетісу облысында аумақтарды мониторингтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал солтүстік және батыс өңірлерде бұл жұмыс топырақтың кебуіне қарай басталмақ.

Сондай-ақ, шекара маңындағы аумақтарға ерекше көңіл бөлінеді. Жалпы өңдеу көлемінің 1,17 млн гектары Ресеймен шектесетін өңірлерге тиесілі. Олар Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары.

«Былтыр біздің қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде шекара маңындағы 1,26 млн гектар аумақ зерттеліп, зиянкестердің мемлекеттік шекара арқылы көшуіне жол берілмеді. Биыл 17 наурызда қол қойылған бірлескен іс-шаралар жоспары да фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Сәкен Қаныбеков.

Еске сала кетсек, шегірткеге қарсы күреске 100-ден астам агродрон жұмылдырылады.