Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды. Экспорт нарығында бәсекеге түсе алатын, отандық шикізатты пайдаланатын, сондай-ақ озық технологиялар мен инновациялар трансферімен айналысатын кәсіпорындарға басымдық берілуге тиіс.
Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті. Тікелей субсидиялаудан гөрі кепілдік беру құралдарына көштік.
Осы мақсатта менің тапсырмаммен «Даму» қоры жанынан шағын және орта бизнеске, сондай-ақ ірі инвестициялық жобаларға арналған екі кепілдік қоры құрылды. Аталған бағыт аясында 2229 жобаға жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден астам кредит берілді. Оның ішінде 220 миллиард теңгеден астамы мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілді», - деді Президент.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйлеп, «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтқаны туралы хабарладық.