Премьер-министр 1 сәуірге дейін жобалардың өзекті пулын қалыптастыруды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында KazakhInvest компаниясына мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, «Самұрық-Қазына» қорымен және «Бәйтерек» холдингімен бірге осы жылдың 1-ші сәуіріне дейін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жобалардың өзекті пулын қалыптастыруды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қолданыстағы жобаларға қолдау шараларын көрсету барысында жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің деректері бойынша қазіргі уақытта Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа базасында шамамен 80 трлн теңге сомаға 1 319 әлеуетті жобаның пулы бар. Алайда, бұл жобалар бойынша олардың дайындық деңгейі туралы ақпарат жоқ, жобалардың 30%-ы бірін-бірі қайталайды. Әкімдіктермен жеке ұсынылған жобалар Платформада көрсетілмеген.
Еске салайық, бұған дейін Бектенов қайта өңдеу саласындағы жаңа жобалардың тізбесін ұсынуды тапсырғаны туралы жаздық.