Бас прокуратура WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті

Бүгін, 12:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бас прокуратура WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы WhatsApp мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар WhatsApp аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолданып отыр. Бұл әдіс GhostPairing деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар WhatsApp-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді», - делінген хабарламада.

Пайдаланушыға Facebook немесе WhatsApp атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол Facebook пен WhatsApp интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.

«Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, WhatsApp-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік). Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды», - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

WhatsApp-тың басып алуын анықтаудың жалғыз жолы – «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуы тиіс.

Сақ болыңыздар, киберқауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар:

- белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әртүрлі хабарландыруларға мұқият болыңыздар;

- WhatsApp кодын бөгде парақшаларға енгізбеңіздер, қосымшадан тыс жерде кодты сұрату – алаяқтық;

- екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыздар;

- аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отырыңыздар;

- қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.

Бұған дейін де Бас прокуратура телефон алаяқтары мен олардан қорғанудың жаңа әдістері туралы ескерткен болатын.