Референдум-2026

Балаларды интернет-алаяқтардан қалай қорғауға болады

Балаларды интернет-алаяқтардан қалай қорғауға болады
Фото: ЖИ

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жазғы демалыс кезінде балалар интернет-алаяқтардың нысанасына айналатынын ескертті. Оқушылардың желіде көп уақыт өткізетінін пайдаланып, қаскүнемдер ата-аналардың жеке деректері мен ақшалай қаражатына қол жеткізу үшін түрлі алдау схемаларын қолданады, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттікке сілтеме жасап.

Ведомствоның мәлімдеуінше, қазіргі алаяқтар мобильді ойындарды, әлеуметтік желіні, мессенджерді және бейне платформаларды белсенді пайдаланады, балаларға тегін бонустар, ойын заттарын, сыйлықтар, конкурстарға қатысуды немесе оңай табыс көзін ұсынады. Мұндай әрекеттің басты мақсаты – банк деректеріне, аккаунттарға немесе құрылғыларға қол жеткізу.

Ең көп тараған алаяқтық схемалар:

Жалған ұтыстар мен сыйлықтар. Балаға ұтып алған жүлде туралы хабарланады және оны алу үшін сілтеме бойынша өтуді немесе банк картасының деректерін енгізуді ұсынады.

Таныстардан келіп түсетін жалған хабарлар. Алаяқтар өзін досы, туысы немесе танымал блогер ретінде таныстырып, баланы ақша аударуға, растау кодын хабарлауға немесе басқа әрекет жасауға сендіреді.

Зиянды ойындар мен қосымшалар. Балаларға ойындарды жеңілдікпен, жарнамасыз немесе қосымша мүмкіндікпен жүктеу ұсынылады. Мұндай бағдарламада құрылғыға және құпия ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін зиянды бағдарламалық қамтылым болуы мүмкін.

Күдікті сілтемелер мен сайттар. Ойын платформалары, онлайн-дүкендер немесе сервистер түрінде алаяқтар дербес деректер мен төлем картасының деректерін жинау үшін жалған парақтар жасайды.

Геолокациялық деректерді жинау. Кейбір қосымшалар құрылғының орналасқан жеріне, байланыс деректеріне, суреттерге және басқа деректерге кіруге рұқсат сұрайды. Алынған ақпаратты қаскүнемдер отбасының егжей-тегжейлі профилін және одан кейінгі алаяқтық әрекетті жасау үшін пайдалана алады.

Баланың смартфоны ата-аналардың банк қосымшаларымен немесе төлем қызметімен байланысты болатын жағдайлар ерекше қауіп төндіреді. Құрылғы зиянды бағдарламаны жүктеген жағдайда, алаяқтар қаржылық ақпарат пен ақшалаға қол жеткізе алады.

Тәуекелдерді азайту үшін Агенттік ата-аналарға мынадай кеңес береді:

- интернетте қауіпсіз әрекет ету ережесін балалармен бірге үнемі талқылау;

- жеке деректерді, құпиясөзді және растау кодын бөгде адамға хабарлауға болмайтынын түсіндіру;

- қосымшаларды тек ресми дүкендерден орнату;

- вирусқа қарсы бағдарламаларды қолдану және бағдарламалық қамтылымды уақтылы жаңарту;

- ата-ананың бақылау құралдарын қолдану;

- қосымшалардың құрылғы деректеріне қол жеткізуін бақылау;

- балаларға цифрлық және қаржылық сауаттылық негіздерін үйрету.

Интернетте күдікті хабар, қоңырау немесе ұсыныс алған кезде баланың ата-анадан дереу көмек сұрау керек екенін білуі маңызды.

Цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру балаларды алаяқтықтан қорғауға және бүкіл отбасы үшін қаржылық шығындар қаупін азайтуға көмектеседі.

Еске салсақ, Ақмолада 2 млрд теңгеге жуық заңсыз несие рәсімдеген қылмыстық топқа үкім шықты.