Бүгін Астана қаласында Amanat партиясы ұйымдастырған «Ауылдық әкімдердің диалог алаңы» республикалық форумы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» тақырыбындағы арнайы панельдік сессиясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сессия жұмысына Парламент депутаттары, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры А.Жолманов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Әдеп жөніндегі комиссияның мүшесі Д.Смағұлов, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ауыл және аудан әкімдері, әкімдік қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен жергілікті басқару саласының сарапшылары қатысты.
Шараның мақсаты – жергілікті деңгейде мемлекеттік басқарудың сапасын арттырудың түйткілді мәселелерін талқылау.
Сессияны жүргізген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі азаматтардың ел дамуына ықпал ететін маңызды шешімдер қабылдауға ат салысу мүмкіндігін арттырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткізілген болатын. 2023 жылдан бері аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін пилоттық режимде сайлау жүргізіліп, биылдан бастап бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша кеңінен енгізілді.

Осы орайда оларға қойылатын талаптар да өзгермек. Қызметке қабылдау, оны өткеру және тоқтату тәртібі жаңа мазмұнмен толықтырылады. Сайланған әкімдер енді өз өкілеттігі кезеңінде сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің орындалуы бойынша тікелей халық алдында жауапты болады.
«Жергілікті әкімдердің кәсіби даярлығы мен біліктілігі, лауазымдық міндетін атқарудағы жауапкершілігі - мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін анықтайтын факторлардың бірі. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау кезінде саяси партиялар өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына баса назар аударып, олардың болашақта әкім болуға лайықтылығы үшін жауаптылықты өздеріне ала білуі керек. Агенттік өз тарапынан әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын тұрақты үйлестіруге қашан да дайын», - деді Агенттік төрағасы.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің кәсіби даярлығын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Агенттік Мемлекеттік басқару академиясы және «Amanat» партиясымен бірлесіп кешенді қайта даярлау бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама тек оқытуға ғана емес, ауылды басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда 1800-ден астам ауыл әкімі оқытудан өтті.
Өңірлерде кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2023 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуды жоғары көрсеткішпен (GPA 3,33) аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылдау жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, бұл тетік ауылдық және аудандық деңгейдегі кадр тапшылығын азайтуға нақты ықпал етіп, бүгінгі таңда 732 жас маман конкурссыз жергілікті деңгейдегі лауазымдарға орналасты.
Агенттік төрағасы, сондай-ақ, басшылық лауазымдағы қызметкерлер үшін стратегиялық ойлай алу мен цифрлық шешімдерді меңгерудің, қоғаммен тиімді диалог жүргізе білудің ерекше маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара аясында жергілікті басқарудың тиімділігі, жаңа кадрлық саясат, мемлекеттік аппараттың сервистік және клиентке бағдарланған жаңа үлгісіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

«Мемлекет басшысы «Халықпен тиімді байланыс орнату жергілікті басқарудың негізгі қағидаты болуы тиіс» деген болатын. Ауыл әкімінің қызметі тек әкімшілік міндеттермен шектелмейді, қоғаммен тікелей жұмыс жүргізіп, тұрғындардың пікіріне құлақ асып, халықтың сенімін ақтау бағытында күнделікті жүйелі еңбек етеді. Ауылды дамыту әкімдердің іскерлік қабілетіне, шынайы жанашырлығына тікелей байланысты. Әкімдер - басқарушы ғана емес, халықпен бірге жасайтын нағыз көшбасшылар. Ауыл - еңбек пен игілікті істердің мекені. Ауылдарымыз көркейіп, еліміз өркендей берсін», - деген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің әлеуметтік-экономикадағы жетістігіне тоқталды.
Шараға қатысушылар өздерін қызықтырған түйткілді сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты.
Сессия соңында ұзақ жылдар мемлекеттік қызметтегі адал еңбегі және ауылдық өңірлердің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар ауыл әкімдері «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.