«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата заң жобасын бірауыздан қолдады
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен фракция отырысында ҚР Конституциясының жаңа жобасы мен оған енгізілген өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Серік Егізбаев ел болашағы үшін маңызды құжаттың басым бағыттарымен таныстырып, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге және шындыққа сәйкес келмейтін арандатушылық жарияланымдардың ықпалына түспей, тек ресми құжатқа сүйене отырып, сындарлы пікір қалыптастыруға шақырды.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бірпалаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Конституция жобасының жаңа редакциясында преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылды. Онда адам құқықтары мен бостандықтары — мемлекеттің басты басымдығы ретінде анықталып, бірлік, ұлтаралық және дінаралық келісім мемлекеттік құндылық ретінде бекітілді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияларды дамыту - мемлекеттік саясаттың стратегиялық басым бағыттары ретінде аталып, цифрлық құқықтарды қорғау мен саяси институттарды қайта құру сияқты жаңа нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер елдің құқықтық жүйесін заманауи талаптарға сәйкес нығайтуға бағытталған.
«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата заң жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық мемлекетті нығайту және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Еске салсақ, елорда мәслихатында Конституцияның жаңа редакциясының жобасы талқыланды.