Әуе компаниясы Алматы – Чунцин бағыты бойынша тікелей рейстерді іске қосады
FlyArystan Алматы – Чунцин – Алматы бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің іске қосылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz FlyArystan әуе компаниясына сілтеме жасап.
Жаңа бағыт әуекомпанияның Қытайдағы бесінші бағытына айналып, FlyArystan әуекомпаниясының Үрімші, Құлжа (Инин) және Сиань қалаларына орындалып жатқан тұрақты рейстерін толықтырады.
Жаңа бағыттағы алғашқы рейс 2026 жылғы 23 қыркүйекке жоспарланған. Рейстер аптасына екі рет орындалады: Алматыдан ұшулар – сәрсенбі және сенбі күндері, ал Чунциннен кері рейстер – бейсенбі және жексенбі күндеріне жоспарланған.
«Чунцин бағытының іске қосылуы Қазақстан мен Қытай арасындағы саяхатқа сұраныстың артуына орай FlyArystan әуекомпаниясының халықаралық бағыттар желісін жүйелі түрде кеңейту жөніндегі стратегиялық ұстанымын айқындайды. Біз жаңа бағыттарды таңдауға мұқият қараймыз: олар жолаушылар арасында сұранысқа ие болуы, әуе паркінің мүмкіндіктеріне сәйкес келуі және ұзақ мерзімді даму әлеуетіне ие болуы тиіс. Чунцин осы талаптардың барлығына сай келеді. Бұл – Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі және осы уақытқа дейін Қазақстанмен тікелей әуе қатынасы болмаған қала. Екі елдің авиациялық билігі арасында жақында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде, бұл бағытты іске қосуға мүмкіндік туды. Қазақстандық әуекомпанияларының ішінде бұл бағытты алғаш болып FlyArystan ашатынын мақтан тұтамыз», - деді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
Чунцин – Қытайдың ең ірі мегаполистерінің бірі әрі елдегі ең танымал туристік орталықтардың қатарында. Қала өзінің ерекше көпдеңгейлі сәулетімен және қайталанбас қалалық келбетімен танымал. Оның ең әйгілі көрікті орындарының бірі – тұрғын үй ғимаратының ішінен өтетін метро желісі. Бұл нысан қазіргі Чунциннің басты символдарының біріне айналған. Сонымен қатар, қала Қытайдың оңтүстік-батыс өңіріндегі танымал орындарға саяхат жасау үшін қолайлы бастау нүктесі саналады. Олардың қатарында кварцит жартастарымен әйгілі, әрі «Аватар» фильміндегі қиял-ғажайып әлемнің табиғатына ұқсастығымен кеңінен танылған Чжанцзяцзе ұлттық паркі бар.
Алматы мен Чунцин арасындағы ұшу ұзақтығы шамамен 5 сағатты құрайды.
Стандартты тариф бойынша бір бағытқа билет құны 96 000 теңгеден басталады. Билеттерді www.flyarystan.com ресми сайтынан, FlyArystan мобильді қосымшасы және басқа да сату арналары арқылы сатып алуға болады.
Валюта бағамының өзгеруіне байланысты билет құны аздап өзгеруі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстаннан Грузияға жаңа әуе бағыты ашылғаны туралы жаздық.