Елордалықтар Жапония астанасы Токиода төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі дода – Сурдлимпиада ойындарында сурдо дзюдо бойынша ел намысын қорғаған елорда спортшыларын әуежайдан қарсы алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ән-жырдан шашу шашылып, ақ пен дәмнен ауыз тиген жеңімпаз спортшылар - Амина Файзулина мен Сабыржан Хапизовты Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левиттің өзі арнайы келіп құттықтады.

«Жарысқа екі шәкіртіміз қатысты. Арамызда қыздар арасынан алғашқы тарихи чемпионымыз бар. 17 жасар қызымыз Амина Файзулина жеке біріншілікте чемпион болды. Ал команда біріншілігінде күміс жүлдеге ие болды.
Екінші шәкіртіміз Сабыржан Хапизов ауыр салмақта күресті. Ол осымен екінші сурдлимпиадасында қола жүлде алып отыр. Ол команда біріншілігінде алтын жүлдегер атанды. Сонымен Астанаға 2 алтын, 1 күміс, 1 қола сыйлап отырмыз.
Токиода жарыс жоғары деңгейде өтті. 80-дей мемлекет спортшылары дзюдода бақ сынасты. Осы жарыста қазақ спортшылары сенсация тудырды. Діттеген мақсаттарымызды жүзеге асырып келдік», - деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спортшылардың жеке бапкері Болат Данияров.

Айта кетейік, 15-26 қараша аралығында Жапонияның астанасы – Токиода XXV Сурдлимпиада ойындары өтіп жатыр. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода биыл ерекше тарихи мәнге ие — Сурдлимпиадалық қозғалыстың 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Биылғы ойындарда 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 209 дисциплина бойынша бақ сынауда. Астана қаласының атынан ел намысын 4 спорт түрінен (сурдо дзюдо, сурдо үстел теннисі, сурдо таеквондо, сурдо жүзу) 5 спортшы қорғап жатыр.
