Астаналық мектепте жасанды интеллектке арналған республикалық семинар өтті

Бүгін, 16:27
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Астаналық мектепте жасанды интеллектке арналған республикалық семинар өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен №93 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект: дағды, бағыт, болашаққа бағдар» атты республикалық семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мамандары, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» әдіскерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, білім беру ұйымдарының басшылары, республика бойынша барлық пән мұғалімдері, сондай-ақ, білім беру саласындағы халықаралық және отандық сарапшылар қатысты.

 «Жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне тиімді енгізу – бүгінгі күннің басты қажеттіліктерінің бірі. Бұл оқушылардың сыни ойлау, шығармашылық, цифрлық сауаттылық және проблемаларды шешу сияқты ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға жол ашады. Сондықтан заманауи педагогикалық тәсілдерді жетілдіру – уақыт талабы», – деді №93 мектеп-лицей директоры Бексұлтан Полатбекұлы.

Сондай-ақ, семинар барысында қатысушылар жасанды интеллектінің білім беру жүйесіндегі нақты мүмкіндіктеріне кеңінен тоқталды. Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, заманауи цифрлық педагогика элементтерін сабақта тиімді қолдану мәселелері назарға алынды.

Бұған дейін елордада мектеп директорларының бірінші республикалық AI91 форумы өткенін жаздық.