112 орталығы елордадағы кез келген төтенше жағдай туралы ақпаратты тәулік бойы қабылдап, хабарламаның сипатына қарай шұғыл қызметтерге бағыттап отырады. Бүгін Elоrdainfo.kz тілшісі жылдамдықты ғана емес, жоғары жауапкершілікті талап ететін орталықтың диспетчерлері жұмысымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

112 диспетчерлік қызметіне жыл мезгіліне, ауа райына қарай тәулігіне 3 мыңнан астам әртүрлі қоңырау түседі.
«Орталықта 103, 109, 102-ге, сондай-ақ 112 қызметіне қатысты өтініштер бойынша қоңыраулар қабылданып, әрі қарай радиобайланыс арқылы тиісті бөлімдерге дереу жолданады. Мысалы, өрт болған жағдайда өрт сөндіру техникасын жіберу туралы тапсырма беріледі. Барлық шақыртулар көлік гараждан шыққан сәттен бастап өрт ошағына жетіп, әрі қарай өрт сөндірілгенге дейін бақылауда болады.
Негізінен, тәулігіне 3 мың қоңырау қабылданса, соның 27-30 шақтысы өрттер мен апаттық-құтқару жұмыстарына қатысты болады. Біз тек Астана қаласына ғана емес, Ақмола облысына да көмекке шығамыз. Апаттық-құтқару жұмыстары да, көбіне, қала маңындағы аумақтарда жүзеге асып жатады. Онда малдың шұңқырға түсіп кетуі, басқа да жағдайлар бойынша шақыртулар болады», - дейді Астана қаласы ТЖД Жоспарлау және жедел басқару орталығының өрт байланыс пункті бастығы Зәуре Жөкешова.

Диспетчерлік қызмет құрамында барлығы 25 адам жұмыс істейді. 8 қызметкер кезекпен тәулік бойы өз міндеттерін атқарады.
«Таңертең сағат 08.00-де ауысым жасалып, кезекшілігімізді қабылдаймыз. 112, 101 қызметі бойынша ғана емес, жедел жәрдем, полиция қызметіне байланысты қоңыраулар да түсіп жатады. Кез келген қоңырау адам өмірімен байланысты болуы мүмкін, сондықтан барлық қоңырауларды өңдеуге және әрі қарай қажетті шұғыл қызметтерге бағыттаймыз. Осылайша кешкі сағат 20.00-ге дейін үздіксіз желіде боламыз», - дейді өрт байланыс пунктінің диспетчері Айдана Илиясова.

Диспетчерлік жүйе «Көмек 112» автоматтандырылған бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Онда қоңыраулар автоматты түрде жазылып, мекенжайлар бірден анықталады.
«Кейде адамдар оқиға үстінде абдырап, қай жерде тұрғанын айта алмайтын кездер болады. Мұндайда жоғарыда айтқан замануи технологиялар арқылы мекенжайды жедел анықтап, жақын тұрған бөлімшелер арқылы ахуалды реттеуге жәрдем береміз», - дейді орталық өкілдері.

Ал қала бойынша орналасқан 15 мыңнан астам камера жағдайды онлайн бақылауда ұстап, тиісті шара қолдануға көмектеседі.