Астаналық көркем гимнасшы Ақмарал Ерекешева жылдың үздік жас спортшысы атанды
Бүгін елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің жыл сайынғы дәстүрге айналған «Үздік-2025» спорт сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Салтанатты іс-шараға спорт саласының ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, белгілі спорт қайраткерлері мен спорт журналистері қатысты.
ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз сөзінде 2025 жыл отандық спорт үшін ерекше болғанын атап өтті. Қазақстандық спортшылар халықаралық додаларда тарихи жетістіктерді тіркеп, Парламент қабырғасында қолдау көрсетілетін нақты спорт түрлері бекітілді.
«2025 жылы спорт саласына көптеген жүйелі өзгерістер енгізілді. Қазақстанда жоғары жетістіктер спорт түрлері бекітіліп, оған 65 спорт кірді. Сондай-ақ биыл 50-ден аса тарихи жетістіктер тіркелді. Шорт-трекшілердің Азия ойындарындағы алғашқы алтыны, семсерлесушілердің командалық сындағы қола жүлдесі, көркем гимнастикадағы тарихи жүлде, «Қайрат» клубының алғаш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуы сынды оң жаңалықтар болды. Елімізде де халықаралық деңгейде бокстан әлем кубогының кезеңі, ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатын қабылдадық. Жаңа спорттық инфрақұрылым нысандары салынды. Оның ішінде Қызылорда қаласында футбол стадионы, Түркістанда ескек есу арнасын айтуға болады. Енді 2026 жыл да бәрімізге табысты болғай», - деп министр өз сөзінде атап өтті.
Марапат барысында Астана қаласының спортшысы, көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы» номинациясының жеңімпазы атанды.
«2025 жыл мен үшін өте табысты өтті деп айта аламын. Себебі жасөспірімдер арасындағы жаһандық додада 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алдым. Осы жетістіктерімді ескерген министрлік тарапына өз алғысымды білдіремін. Енді 2026 жылы жаңа мақсаттар күтіп тұр. Өйткені енді мен ересектер санатына ауысамын», - деді Ақмарал Ерекешева.
«Үздік-2025» сыйлығының жеңімпаздары:
«Жылдың үздік спортшысы» – Алуа Балқыбекова (бокстан 2 дүркін әлем чемпионы), Айдос Сұлтанғали (грек-рим күресінен қазақстандықтар арасында 26 жылдан кейін әлем чемпионы атанған балуан), Файна Мейрманова (жеңіл атлетикадан Сурдлимпиада ойындарының чемпионы);
«Жылдың үздік жаттықтырушысы» – Долкунжан Камеков (Алуа Балқыбекованың жаттықтырушысы), Ғабиден Райымбек (Айдос Сұлтанғалидың жаттықтырушысы);
«Спорттағы үздік серпін» – Дастан Сәтпаев («Қайрат» клубының ойыншысы);
«Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы» – Ақмарал Ерекешева (көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы), Дінмұхаммед Раймқұлов (фристайл-акробатикадан тарихи әлем чемпионы), Ксения Прозорова (ауыр атлетикадан әлем чемпионы);
«Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы» – Қазақстан бокс федерациясы (2024 жылы төрт бірдей әлем чемпионатына қатысып, рекордтық 13 алтын медальді жеңіп алды);
«Үздік спорттық өңір» – Қызылорда облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасы (Қызылорда қаласында 11 мың жанкүйерге арналған футбол стадионы ашылды);
«Жылдың үздік спорт ұйымы» – Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы.
«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорттан нұсқаушы» – Сержан Баденов (Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылдық округі);
«Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі» – Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы дене шынықтыру және спорт бөлімі (Bugyly Trail атты халықаралық жүгірісті өткізеді);
«Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» – Владимир Шалыгин (Қостанай облысы, шаңғыдан жаттықтырушы);
«Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман» – Мейрам Нұртазин (Астана қ.);
«Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы» – Хислат Мамметов (әйелдер күресінен U17 санатында әлем чемпионы Мадхия Усманованы дайындады);
«Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері» – Алтынбек Сарбупин (Ақтөбе облысы);
«Үздік спорт меценаты» – FREEDOM компаниясы;
Сейдахмет Бердіқұлов атындағы номинацияның жеңімпаздары – Азат Смағұлов (Qazsport телеарнасы), Қанат Байұзақов (Elordainfo.kz сайты), Әсел Әбілбек (BAQ.KZ сайты), Тұрар Қазанғап (Beles.kz сайты).
Еске сала кетейік, бұған дейін Elordainfo.kz сайты Namys спорттық сыйлығының жеңімпазы атанған болатын.