Астаналық еңбек ұжымына қаржылық алаяқтықтан қорғанудың жаңа тәсілдері түсіндірілді
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Астана қаласы бойынша қызметкерлері «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастыруда. Дәрістер еңбек ұжымдары мен жастар арасында алаяқтықтың алдын алу мақсатында өткізіліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Цифрлық қауіпсіздік – әр азаматтың өміріндегі маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, интернет арқылы таралатын алаяқтық схемалардан халықты қорғау мәселесі өзекті болып отыр», - делінген хабарламада.
Бұл ретте Департамент қызметкерлері «KTZ Express» АҚ-ның 200 қызметкеріне арналған цифрлық қауіпсіздік бойынша дәріс өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – цифрлық гигиенаның негізгі қағидаларын түсіндіру, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың жаңа тәсілдері мен әдістері туралы ақпарат беру.
Дәріс барысында Департаменттің аға жедел уәкілі Нұрғали Аязов цифрлық алаяқтықтан қорғанудың заманауи жолдары жөнінде айтып, смартфонды киберқауіптерден қорғау, фишингтік сілтемелер мен зиянды қосымшаларды тану, сондай-ақ дипфейк технологияларының қаупі туралы түсіндірді.
Ашық диалог форматында өткен кездесу қатысушыларға өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, цифрлық алаяқтықтан қорғану бойынша нақты ұсынымдар алуға мүмкіндік берді.
Ведомство өкілдері азаматтарды сақ болуға, алаяқтардың арбауына түспеуге және күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.
Бұған дейін мамандардың смартфон құлпын ашқанда биометрия мен саусақ іздерін пайдаланғаннан гөрі PIN код теру арқылы қолданған анағұрлым қауіпсіз екенін айтқанын жаздық.