23 жастағы астаналық алаяқтық күдігімен ұсталды

Бүгін, 10:11
Думан Аманжол Думан Аманжол
23 жастағы астаналық алаяқтық күдігімен ұсталды
Фото: Polisia.kz

Астанада 23 жастағы тұрғын алаяқтық және жалған ақпарат тарату күдігімен ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

23 ақпанда Threads әлеуметтік желісінде белгісіз біреу әскерде зорлық-зомбылыққа ұшырап, қазіргі уақытта қудалаудан қорқатынын жазған.

«Жарияланымда банк реквизиттері қоса көрсетілген. Жиналған қаражатты шетелге шығу үшін жұмсайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар ол осы жағдайдан кейін депрессияға түскенін және бұрынғыдай қызымен қарым-қатынасын жалғастыра алмайтынын жазған», - делінеді полиция хабарламасында. 

Алайда күмәнданған басқа желі қолданушысы бұл деректі тексеру үшін полицияға жүгінген. Нәтижесінде, ақша түсіп жатқан есепшот 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екені анықталды.

«Оның айтуынша, хостелде танысқан бұрынғы танысы оған қарызын аудару үшін реквизиттерін сұраған. Сондай-ақ өз есепшоттары бұғатталғанын айтып, басқа аударымдарды қабылдауын өтінген. Бұл заңсыз әрекетке сенген жасөспірім жеке деректерін беруге келіскен. Екі күннің ішінде оның есепшотына 100-ден астам аударым түскен», - деп хабарлады полицияда.

Жедел шаралар барысында жазба авторы ұсталды. Тергеу оның ешқашан әскерде болмағанын және таратқан ақпараттың жалған екенін көрсетті. Күдікті бұл әрекетке тек ақша табу үшін барғанын мойындады.

Қазір оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот шешімімен қамауға алынды. Мұндай әрекет үшін бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Көрінеу жалған ақпаратты тарату және алаяқтық фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен ол қамауға алынды», - делінеді хабарламада.

Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырады.