Астанада «ЖасStar» студенттік КВН лигасының фестивалі өтті

Бүгін, 18:50
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «ЖасStar» студенттік КВН лигасының фестивалі өтті
Фото: Ришат Иркабаев, Нұркен Мерғалиев

Астана қаласындағы «Жастар» сарайында «ЖасStar» студенттік КВН лигасының ауқымды фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара «Адал азамат – біртұтас ұлт» тәрбие бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға заң мен тәртіпті құрметтеуді, оған бағынуды әзіл арқылы түсінікті әрі қызықты түрде жеткізу болды. Бұл туралы Жастар сарайы директорының орынбасары, ұйымдастырушы Әділ Орынбасарұлы айтты.

«ЖасStar» лигасы ойындары алғаш рет 20 жыл бұрын құрылған болатын. Биыл бұл жоба жаңа форматта алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар биылғы жылды Мемлекет басшысы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған орай, бүгінгі іс-шарада дрон соккер, PlayStation, робототехника секілді заманауи бағыттармен қатар, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар ұштастырылып отыр. Яғни ұлттық құндылықтарды жаңа, заманауи форматта насихаттауға ерекше көңіл бөлінді», - деді спикер.

Ол қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан Жастар лигасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

«Бүгінгі іс-шараға Астана қаласының колледждерінен құралған 11 команда қатысты. Сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Бұл жобаны алдағы уақытта одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, күзде ауқымды фестиваль ұйымдастыру көзделіп отыр», - деді Әділ Орынбасарұлы.

 

Астана қаласы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Қуаныш Балабидің айтуынша, «ЖасStar» студенттік КВН фестивалі тек ойын-сауық емес, сонымен қатар жас буынның шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды алаң.

«Аталған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өтті. Басты мақсатымыз – жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру және жауапкершілікті нығайту. Осындай жобалар арқылы біз белсенді, саналы және заңды құрметтейтін ұрпақ қалыптастыруға үлес қосамыз», - деді Қуаныш Балаби.

Фестиваль аясында келушілер үшін интерактивті және ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылды. Атап айтқанда: дрон-соккер, PlayStation 5 платформасында Jenis Cup турнирі, робототехника көрмесі, ұлттық ойындар (асық ату, ләңгі тебу, тоғызқұмалақ), спорттық белсенділіктер (турник, гір көтеру) және өзге де ойын-сауық түрлері.

Осыдан соң негізгі КВН ойыны басталды. Кештің жүргізушісі – «Астана KZ» командасының мүшесі, Жоғары лига ойыншысы, танымал тележүргізуші Нұржан Бейсенов, ал қазылар алқасының құрамында Тұрсынбек Қабатов, Данияр Елеусінов, Сергей Цырульников, Данияр Жұмаділов, Әділбек Ниязымбетов, Нұрлан Қоянбаев, Қамшыбек Қонқабаев, Санат Шапашов, Олжас Рымбаев, Дидар Ислам, Еркебұлан Мырзабек, Айтым Жақыпов, Қанат Үмбетов секілді КВН саласында танымал тұлғалар, медиа өкілдері мен белгілі спортшылар болды.

Сервис және туризм колледжінің студенті Арсен Әскербаевқа аталмыш КВН фестиваліне қатысуды досы ұсынған.

«Мен «Парламент» командасының мүшесімін. Бұл фестиваль туралы бізге досымыз айтып, «команда жинап, КВН-ға қатысайық» деген ұсыныс білдірді. Осыдан соң біз колледждің белсенді студенттерінен команда құрдық. Сценарийді күндіз-түні жаздық. Кейде сценарийіміз бірнеше рет қабылданбай, қайта жазуға тура келді. Командамызда 6 адам бар», - деді ол.

Басқару колледжінің студенті Самира Кенжинаның айтуынша, КВН-ға қатысу өте толқытатын әрі қызықты тәжірибе болды.

«Бұл – менің өмірімдегі ең керемет естеліктің бірі. Біз ұзақ уақыт дайындалдық, әсіресе қатысушылар санына ерекше көңіл бөлінді. Мен алдағы уақытта да осындай іс-шараларға қатысқым келеді», - деді Самира.

Аталмыш фестиваль жастар аудиториясына бағытталған және шығармашылықты, спортты және ұлттық құндылықтарды біріктіретін заманауи мәдени алаңға айналды.