Астанада халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік Gala Вallet өтеді
«Астана Балет» сахнасында 6-7 наурызда халықаралық әйелдер күніне арналған Gala Ballet мерекелік кеші өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Көрермен назарына классикалық мұра жауһарлары мен заманауи хореографиялық қойылымдардан құралған әсерлі әрі жан-жақты бағдарлама ұсынылады.
Кеште бас дирижер Арман Оразғалиев симфониялық оркестрге жетекшілік етеді.
Бірінші бөлімде хореографиялық миниатюралар, сондай-ақ Петр Чайковскийдің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» балеті көрсетіледі. Бағдарламада Арам Хачатурянның «Спартак», Сергей Рахманиновтың «Көктемгі қарғын су», Адольф Аданның «Жизель», Камил Сен Санстың «Аққу», Людвиг Минкустың «Дон Кихот» балетінен па-де-де және басқа да балет үзінділері бар.
Сонымен қатар, наурыз айында астаналық ұжым басқа да мазмұнды бағдарламалар ұсынады. 13-14 наурыз – «Carmina burana» балет-кантатасы, Наурыз мерекесі қарсаңында, 21 наурызда симфониялық оркестрдің «Therapy. Jazz Night» концерті өтеді. Ал 27-28 наурызда көрермен қауым «Орфей мен Эвридика» балеті мен «Bolero X» бір актілі заманауи балеттің премьерасын тамашалай алады.
Бұған дейін Астанада жасөспірімдер есірткіге қатысты театрлық қойылымды тамашалағанын жаздық.