Астанада тұрмыстық қалдықты жағып электр қуатын өндіретін кешен салынады
Астанада электр энергиясын өндіретін қоқыс жағу зауытын салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыру басталды. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Бүгін Shenzhen Energy Group Co. Ltd компаниясының өкілдерімен бірлесіп, «Астана энергиясы» экопаркі» жобасының басталуына ресми түрде старт бердік. Кешенде қатты тұрмыстық қалдық жағылып, электр энергиясы өндіріледі. Жоба құрылыс пен пайдалану саласындағы ең жоғары стандарттарға сай іске асырылып, Орталық Азиядағы ең озық әрі экологиялық талаптары қатаң энергетикалық экопарктердің бірін ашуды көздейді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Елорда әкімінің айтуынша, жобаның құрылыс мерзімі – 36 ай. Пайдалануға берілгеннен кейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеудің жылдық қуаты 550 мың тоннаға жетеді, бұл қалалық экологиялық ортаны едәуір жақсарта отырып, қалдықты зиянсыз, қысқартылған және ресурс үнемдеу арқылы қайта өңдеуді толығымен іске асыруға мүмкіндік береді.
«Кешен жылына орташа 330 млн кВт·сағ электр қуатын өндіреді. Өз қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, жыл сайын шамамен 280 млн кВт·сағ таза электр энергиясы қаланың энергетикалық жүйесіне тұрақты түрде жеткізіледі. Осылайша қаланың энергетикалық қауіпсіздігіне маңызды үлес қосып, энергия тұтыну құрылымын оңтайландыруға жаңа серпін береді.
Сол сияқты жоба аясында қала тұрғындары үшін кемінде 90 тұрақты жұмыс орнын ашу әрі қызметкерлерді кезең-кезеңімен шетелде кәсіби-техникалық оқытуды ұйымдастыру қарастырылған», - деді қала әкімі.

Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта қала аумағында пайда болатын барлық қоқыс «Astana Recycling Plant» ЖШС қалдықтарды өңдеу зауытына шығарылады. Онда олар сұрыптаудан өткеннен кейін қалдық полигонына тасымалданады. Қалада бір ғана рұқсат етілген қоқыс полигоны бар, ол 2 ұяшықтан тұрады. Бірінші ұяшық консервацияланған, ал екінші ұяшық 2018 жылдан бері пайдаланылып келеді және 2,2 млн тонна ТҚҚ-мен толтырылған.


