Референдум-2026

Астанада түнгі уақытта қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды – ВИДЕО

Бүгін, 11:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада түнгі уақытта қауіпті маневр жасаған жүргізушілер жауапқа тартылды – ВИДЕО
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанада полиция қызметкерлері түнгі уақытта қала көшелерінде шу шығарып, қауіпті маневрлер жасаған BMW маркалы екі автокөліктің жүргізушісін жауаптылыққа тартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

20 жастағы екі азамат түнгі уақытта қала көшелерінде жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, түрлі маневрлер жасаған.

Олардың бірі автокөлігінің пайдаланылған газ шығару жүйесінің құрылымына заңсыз өзгеріс енгізіп, көлікті қайта жабдықтаған.

Қозғалтқыштың қатты дыбысы түнгі тыныштықты бұзып, елорда тұрғындарының алаңдаушылығын туғызған.

«Полиция қызметкерлері құқық бұзушыларды дереу тоқтатты. Екі жүргізушіге қатысты көлік құралын заңсыз қайта жабдықтау және маневр жасау қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді. Автокөліктер коммуналдық тұраққа қойылды.

Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жас жігіттер ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша жауаптылыққа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.

Полиция көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтауға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тыйым салынғанын еске салады. Әсіресе түнгі уақытта әдейі шу шығарып, қоғамдық тыныштықты бұзумен қатар жүретін мұндай құқық бұзушылықтардың жолы қатаң түрде кесілетін болады.

Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушілерді тұрғындардың тыныштығын құрметтеуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпауға шақырады.

Еске сала кетейік, Астанада видео түсіру үшін көшеде атқа мініп жүрген ер адам жауапкершілікке тартылды.