Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды

Бүгін, 17:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада жыл басынан бері азаматтардың тыныштығын бұзу фактілері бойынша 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.

Кезекті рейдтік іс-шаралардың барысында полицияға «102» арнасы арқылы қала тұрғындарының бірінен Сығанақ көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз азаматтардың қатты шулап, қоғамдық тыныштықты бұзып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

«Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері аталған деректің расталғанын анықтады.

Тексеру барысында көлік ішінде алкогольдік ішімдік ішіп, айналадағы тұрғындардың мазасын алған 42 жастағы азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.

Полиция қоғамдық орындарда және тұрғын үй аулаларында тәртіп сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Әсіресе кешкі және түнгі уақытта қатты музыка қою, айқайлау немесе өзге де әрекеттер арқылы тұрғындардың тыныштығын бұзу заңмен жауапкершілікке әкеп соғады. Тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, өзара сыйластық танытуға және айналадағы азаматтардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырады.

Еске сала кетейік, Астанада жалға алған фотоаппаратты ломбардқа өткізген күдікті ұсталды.