Астанада жалға алған фотоаппаратты ломбардқа өткізген күдікті ұсталды
Астанада «Есіл» аудандық криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 29 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші OLX интернет-платформасы арқылы Canon SX740 HS фотоаппаратын жалға беру туралы хабарландыру жариялаған. Кейін күдікті жәбірленушімен байланысқа шығып, құрылғыны бір тәулікке жалға алу үшін алдын ала төлем жасап, сеніміне кірген.
Алайда, фотоаппаратты алғаннан кейін күдікті оны ломбардқа өткізіп жіберген. Ал түскен ақшаны құмар ойындарға жұмсағаны белгілі болды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгеге жуық.
«Қазіргі уақытта аталған азаматтың осындай 6 эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға интернет арқылы мәміле жасау кезінде сақ болуға және бейтаныс тұлғаларға сеніп, бағалы заттарын бермеуге кеңес береді.
Еске сала кетейік, Астанада бөтен адамның банк картасымен сауда жасаған күдікті ұсталды.