Астанада «Қысқы көңілді старт» эстафетасы өтті

Астанада «Қысқы көңілді старт» эстафетасы өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

2025 жылы қолданысқа берілген жаңа жеті мектептің бірі – Астана қаласы әкімдігінің №116 жалпы орта білім беретін мектебінде «Әкем, анам және мен» атты отбасылық эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған аталмыш білім ордасында бүгінде 3 мыңға жуық оқушы білім алуда.

Іс-шара аясында мектеп басшылығы бес түрлі сайыстан тұратын ерекше спорттық жарыс өткізді.

«Қыс мезгілінде алғаш рет далада отбасылық эстафета ұйымдастырып отырмыз. Іс-шараның басты ерекшелігі – тек 3-сынып оқушылары мен олардың ата-аналарының қатысуы. Алдағы уақытта өзге сыныптарға да түрлі спорттық және басқа да шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттап, ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Мұндай ортада ата-аналардың бір-бірімен танысуы мектептің одан әрі дамуына серпін береді деп сенеміз. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін спортпен қатар театр, дебат сынды тегін үйірмелер де жұмыс істейді», - деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Тілекқабыл Оразғалиұлы.

Сайысқа барлығы 11 команда қатысып, олар таяқшамен жүгіру, тәрелке жинау, шеңбермен жүгіру, шанамен жарысу және жылдамдыққа бауырсақ жеу сынды кезеңдерде сынға түсті. Жарыс жеңімпаздары тапсырмаларды орындау уақытына қарай анықталды.

«Күнделікті жұмысбастылық салдарынан кейде балаларымызға жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Бүгінгі отбасылық эстафета арқылы баламызбен бірге уақыт өткізіп әрі өзіміз де сергіп қалдық. Жарыс болған жерде эмоция мен адреналин қатар жүреді. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, әрдайым қатысуға дайынбыз», - деді «Дарын» командасының мүшесі Қуантай Мырзабеков.

Жарыс соңында барлық сынып командалары марапатталып, қатысушыларға ыстық шай мен бауырсақ ұсынылды.