Астанада құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Кеңес құрылды
Кеңесті құру туралы шешім қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен Конгресс-орталықта өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Құқықтық ағартуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қосқан үлесі үшін бірқатар қоғам қайраткерлері Астана қаласы прокуратурасының алғыс хаттарымен марапатталды.
Кеңес құрамына Айгүл Ержанова, Ақмоншақ Нұғман, Айтым Жақыпов және Жеңіс Айрат кірді.
Астана қаласының прокуратурасы құқықтық тәртіпті нығайту және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын іске асыру мақсатында мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру жөніндегі жұмысты жалғастырады.