Астанада қосымша білім беру ұйымдары басшылары Конституция жобасын талқыланды
Tanum көпфункционалды кешенінің базасында қосымша білім беру ұйымдарының басшылары Астана қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Ғайыпов Зұлфұхар Сұлтанұлымен жүздесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Талқылау барысында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары, олардың ел дамуына ықпалы және белсенді азаматтық қоғам қалыптастырудағы білім беру жүйесінің рөлі кеңінен қозғалды. Әсіресе, қосымша білім беру саласының жас ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызына ерекше назар аударылды.

Зұлфұхар Сұлтанұлы өз сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістердің қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарының басшылары елдегі реформаларды түсіндіруде, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
Кездесу соңында қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісіп, мұндай мазмұнды диалог алаңдарының маңыздылығын атап өтті. Олар конституциялық өзгерістерді талқылау тек заңгерлер мен саясаттанушыларға ғана емес, білім саласының өкілдеріне де тікелей қатысты екенін айтты.
Бұл басқосу қосымша білім беру ұйымдары басшылары үшін ел дамуының стратегиялық бағыттарын тереңірек түсінуге және өз жұмысында азаматтық құндылықтарды нығайтуға жаңа серпін берді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.