Референдум-2026

Астанада қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген 15 жолаушы жауапқа тартылды

Астанада қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген 15 жолаушы жауапқа тартылды
Фото: №1 Автобус паркі

«№1 Автобус паркі» АҚ Астанада қоғамдық көлікте жолақысын төлеу тәртібіне қатысты рейдтік шара өткізді. Бақылау барысында жолақысын төлемеген 15-тен астам жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Рейдке «№1 Автобус паркі» АҚ мамандары, Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтін жолаушылар санын азайту, төлем тәртібін нығайту және қоғамдық көлікті пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

«№1 Автобус паркі» АҚ мәліметінше, кәсіпорын 2025 жылдан бері 169 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен. Оның шамамен 53 миллионы – заңнамаға сәйкес жол жүру жеңілдіктері берілген әлеуметтік санаттағы азаматтар.

Соған қарамастан, қоғамдық көлікте жолақысын төлемейтін жолаушылар мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты кәсіпорын тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастырып келеді.

Бүгінгі тексеру барысында бірнеше автобус қамтылып, жолақысын төлемеген 15-тен астам жолаушыға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде бір автобустан төрт билетсіз жолаушы анықталды.

Кәсіпорынның мәліметінше, өткен аймен салыстырғанда билетсіз жүрген жолаушылар саны шамамен 10 пайызға азайған.

«Бұл күнделікті жүргізіліп жатқан рейдтік жұмыстар мен желілік бақылау қызметінің нәтижесін көрсетеді.

Жалпы, ай сайын қоғамдық көлікте жолақысын төлемеген шамамен 3 мың жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылады», – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, мамандар бұған дейін де қоғамдық көлікте жолақысын төлеу тәртібін бақылауға бағытталған рейдтік шара өткізген болатын.

«№1 Автобус паркі» АҚ алдағы уақытта да жолақы төлеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған рейдтік шараларды жалғастырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарта беретінін мәлімдеді.