Астанада қар күреу жұмысына 1,5 мыңнан аса техника шықты
Астанада коммуналдық қызмет алғаш қар жауған күннен бастап күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Қала аумағында қар күреу жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде елордадан қар полигондарына 1 215 ауыр жүк көлігі рейсі арқылы 19 342 мың текше метр қар шығарылды.
27 ақпан күні таңертең қалада қар мен көктайғақты тазартуға шамамен 1 571 арнайы техника мен 3 072 жол жұмысшысы тартылды.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалық жүргізіледі.
Қыс мезгілі басталғалы бері қар полигондарына 415 008 рейспен 6 млн 194 мың 902 текше метр қар шығарылды.
«Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себілуде. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылып жатыр», - делінген хабарламада.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Еске салсақ, елордада қатты аязға байланысты екінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды.