Астанада «Парыз-2026» байқауына өтінім қабылдау басталды
Астанада бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» байқауы басталды. Жоба жекеменшік кәсіпкерлік субъектілерінің қоғам алдындағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға және арттыруға, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқау төрт номинация бойынша өткізіледі:
1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын». Бұл номинацияда өз қызметкерлерін қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік бейімделуіне және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыратын үміткерлердің қызметі қарастырылады (еңбекақы төлеу және әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру, кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау жүйелері, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту және т.б.).
2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын». Бұл номинацияда қызметкерлердің еңбек қызметі барысында денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын қалыптастыратын үміткерлердің қызметі бағаланады.
3) «Үздік ұжымдық шарт». Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын әрі нығайтатын ұжымдық шарттар қарастырылады.
4) «Экологияға қосқан үлесі үшін». Бұл номинацияда қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жаратуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын, іс-шаралар мен жобаларды жүзеге асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі бағаланады.
Байқау аясында «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы да қарастырылған.
Байқауға қатысуға өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданады.
Қатысушылардың құжаттары hr.enbek.kz порталы арқылы («Парыз» номинациясы) немесе қағаз және электрондық нұсқада Бейбітшілік көшесі, 9, 220-кабинет мекенжайында қабылданады.
Байқау туралы толық ақпаратты мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады:
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы: 55-68-34, 55-68-05, 55-68-11;
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті: 57-49-38, 57-49-35, 57-49-36;
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы: 55-75-74, 55-75-81.