Астанада өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтірген көліктер анықталды

Астанада өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтірген көліктер анықталды
Коллаж: elordainfo.kz // instagram.com/prokuratura.ast

Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының прокуратурасы төтенше жағдайлар органдарының, әкімдік пен полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы техниканың тұрғын үй кешендеріне кедергісіз кіруін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кезекті рейд барысында тұрғын үйлер мен аула аумақтарына кіреберіс жолдардың қолжетімділігі тексерілді. Өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтіретін автокөліктердің ретсіз қойылу фактілері, сондай-ақ кіру жолдарын заңсыз шектеу жағдайлары анықталды.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.

«Елорда прокуратурасы азаматтарды жол жүрісі және өрт қауіпсіздігі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, жедел қызметтердің өту жолдарын бөгемеуге және арнайы техниканың тұрғын үйлерге еркін кіруін қамтамасыз етуге шақырады», – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, жақында астаналық полицейлер жүргізген түнгі рейд барысында 59 жасөспірімнің құқық бұзғаны анықталған еді.