Астанада Олимпиададағы конькимен жүгірушілерге қолдау көрсетілді

Астанада Олимпиададағы конькимен жүгірушілерге қолдау көрсетілді
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін Tranzitka спорт дүкенінде елордалық жас спортшылар Италияның Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарын тамашалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Төрт жылдықтың басты бәсекесінің ресми алғашқы жарыс күнінде конькимен жүгіруден Астана қаласының спортшысы Елизавета Голубева өнер көрсетті. Ол 3 000 метр қашықтықты 4:03.30 уақытта жүгіріп өтіп, 10-орынға тұрақтады. Одан бөлек, Қазақстан атынан Надежда Морозова да жүлдеге таласып, сайысты 6-орынмен аяқтады.

Бұл қашықтықта Италия спортшысы Франческа Лоллобриджида 3:54.28 уақыт көрсеткішімен Олимпиада рекордын жаңартып, топ жарды.

«Бүгін Астана қаласы атынан тіркелген спортшыларымызға қолдау ретінде бас қостық. 50-ге жуық жанкүйер жиналды. Италияда болмасақ та, біз өз тарапымыздан да кішігірім көмегімізді тигізсек дейміз. Алдағы уақытта конькимен жүгіру мен шорт-трек жарыстарында тағы да қолдау көрсетеміз деген сенімдеміз», - деді №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ басшысының орынбасары Ержан Керімқұлов.

Айта кетейік, төрткүл додасында Астана қаласы атынан конькимен жүгіруден Елизавета Голубева мен Кристина Силаева, мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина, шорт-тректен Абзал Әжғалиев ел намысын қорғайды.

Италиядағы төрткүл додасы 6-22 ақпан аралығында өтеді. Аппенин түбегіндегі бәсекеге әлемнің 92 елінен 2900 спортшы қатысады. Олар 16 спорт түрінен 116 медаль жиынтығын сарапқа салады.