Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Көк байрақ астында» кеші өтті
Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Көк байрақ астында» мәдени-патриоттық кеші өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ашық микрофон форматында ұйымдастырылған іс-шарада елордалықтар мен қала қонақтары патриоттық әндер тыңдап, күй өнері мен поэзия кешінің куәсі болды.

Кеш барысында қатысушылар тәуелсіздік, туған жер және елдік құндылықтар тақырыбындағы туындылар орындап, көпшілікке өз өнерлерін ұсынды.
«Синтез» театрының көркемдік жетекшісі Мұхтар Диханәлі мұндай іс-шаралардың мемлекеттік рәміздердің маңызын насихаттаудағы рөліне тоқталды.

«Бүгін – Мемлекеттік рәміздер күні. Осы мейрамға орай «Бәйтерек» монументінің алаңында бас қосып отырмыз. «Синтез» театрының өнерпаздары да осы іс-шараға арнайы келді. Негізгі мақсатымыз – мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау. Сондықтан бүгін еркін форматтағы концерт ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шара Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр», – деді ол.
Кеш барысында көрермен назарына ұлттық өнердің түрлі жанры ұсынылды. Домбыраның қоңыр үні шырқалған әндермен үндесіп, жас ақындар патриоттық бағыттағы өлеңдерін оқыды. Ашық микрофон форматы іс-шараға қатысушылардың белсенділігін арттырып, қала тұрғындары өз өнерлерін ортаға салды.

Өнер кешіне қатысқан «Синтез» театрының әртісі Айбар Дүкен іс-шараның басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін айтты.
«Бүгін біз Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Бәйтерек» алаңында өнер көрсеттік. Ашық микрофон форматында күйлер орындалды, поэзиялық шығармалар оқылды, әндер шырқалды. Осындай іс-шаралар арқылы мемлекеттік мерекелердің мәнін кеңінен насихаттап, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптей аламыз. Барша қазақстандықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын», – деді ол.

Айта кетейік, мәдени-патриоттық кеш Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыруға, ұлттық мәдениетті насихаттауға және жастардың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды нығайтуға бағытталды.
Бұған дейін астаналық мәдениет қызметкерлері Есіл жағалауында Әнұранды әуелеткен еді.