Астанада маса мен шыбын-шіркейге қарсы ауқымды өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Астанада маса, шыбын-шіркей және басқа да жәндіктерге қарсы ауқымды дезинсекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сәуір айының басында су айдындарын өңдеудің алғашқы кезеңі басталды. Жұмыстар екі ауысымда атқарылып жатыр. Қазіргі таңда маса дернәсілдері анықталған 8600 гектар су айдыны өңделді.

Су айдындарын өңдеу аяқталғаннан кейін 27-29 сәуір аралығында қаланың орталық бөлігінде жаппай өңдеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Өңдеу жұмыстары қаланың орталығынан басталып, кейін шет аймақтарда жалғасады. Сонымен қатар қорғаныс жолағы қатар қалыптастырылады.
Жұмыстар түнгі уақытта, сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін жүргізіледі. Әр кезең айына 20 күнге созылады. Жалпы алғанда, дезинсекция 6 кезең бойынша өтеді. Маса экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою көзделмеген, алайда бұл шаралар олардың санын 90 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Дезинсекциялық жұмыстарды жүргізу үшін механикалық роторлы бүріккіштер, арнайы дезинсекциялық техникалар, қамысты және қолжетімсіз аймақтарды өңдеуге арналған квадрокоптерлер, сондай-ақ ірі су айдындарында арнайы жабдықталған қайықтар пайдаланылады.
Ауқымды жұмыстарға техникалық құралдардан бөлек, дезинсекция саласында арнайы оқытылған 150-ден астам маман жұмылдырылған. Олар қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқамадан өткен.
«Өңдеу жұмыстары барысында тұрғын үй нысандарына қызмет көрсететін басқарушы компаниялар, ПИК, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс нысандары, базарлар мен сауда үйлері де атсалысуы тиіс. Атап айтқанда, жертөлелерді абаттандыру, құрғату және дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Дезинсекциялық шаралар кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды: өңдеу жүргізіліп жатқан аумақтарға баруды шектеу және өңдеу кезінде терезелерді жабық ұстау керек», – делінген хабарламада.
Бұған дейін қысы-жазы тынымсыз еңбек етіп, жұмысынан рахат табатын қала тазалығының хас шебері туралы жазған едік.