Астанада көші-қон талаптарын бұзған шетелдіктер жауапқа тартылды
Астанада өткізіліп жатқан «Заңсыз келуші» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзған 500-ден астам шетел азаматын анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сонымен қатар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау, тіркеу және олардың уақытша болуы туралы көші-қон заңнамасының талаптарын бұзған 100-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Тексеру шаралары барысында ел аумағында заңсыз жүрген, тіркеу мерзімін бұзған және көші-қон заңнамасының өзге де талаптарын сақтамаған шетел азаматтары анықталды.
Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалануға жол берген жұмыс берушілерге қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері заңсыз көші-қонның алдын алу және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды тұрақты негізде жүргізуде.
Еске сала кетейік, Астанада дәмханада жанжал шығарғандар жауапқа тартылды.