Астанада дәмханада жанжал шығарғандар жауапқа тартылды – ВИДЕО
Астанадағы ойын-сауық орындарының бірінде қоғамдық тәртіпті бұзған жастар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бизнес-орталықтардың бірінің шатырында орналасқан жазғы террасада келушілер арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында қатысушылардың бірі үстелді аударып, мүлікке зақым келтіріп, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған.
«Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесіп, жанжалға қатысушыларды мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді.
Қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі бойынша екі құқық бұзушы да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен олардың біріне 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамау жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Полиция департаменті қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, агрессивті мінез-құлық таныту және айналадағы адамдарға құрметсіздік көрсету қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір азаматтың міндеті. Заң талаптарын бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекеттердің жолы кесіліп, кінәлі тұлғалар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1 200-ден астам қару тәркіленді.