Астанада Jüregımnıñ Jenımpazy жүгірісіне 7 мың адам қатысты
Астанада донорлық пен трансплантация мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған дәстүрлі Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Биылғы шараға 7 мыңға жуық адам қатысты.
Қатысушылар EXPO аумағынан бастап, Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы Abu Dhabi Plaza бағытына дейін жүгіріп, бастапқы нүктеге қайта оралды. Фестиваль аясында 10, 3 және 1 шақырым қашықтықтарға жарыстар ұйымдастырылды.

Jüregımnıñ Jenımpazy 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға, донорлық туралы ақпараттандыруды арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Фестивальге қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы шараға 4 200-ден астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны шамамен 5 мыңға жеткен.
«Jüregımnıñ Jenımpazy атты жүгіру-фестивалі қоғам үшін өте қажет деп санаймын. Себебі осындай жүгірістер арқылы біз заңды органдарға, тұрғындарға трансплантация мәселесі бар екенін көрсете аламыз және салауатты өмір салты арқылы қиын тақырыпта сөйлесуге мүмкіндік аламыз. Қуантарлық жайт, трансплантацияда оң динамика байқалады. Мысалы, 2022 жылы елімізде тек 2-3 ғана ота жасалса, 2025 жылы жүрек ауыстыру бойынша 18 ота өтті.
Өкінішке қарай, Қазақстанда мәйіт доноры өте төмен көрсеткішті тіркеп тұр. Әсіресе бұл мәйіт трансплантациясы тек ірі 1-2 қалаларда ғана жүзеге асып жатыр.
Ал оңтүстік және батыс өңірлерімізде бұл тақырып жөнінде мүлдем қалыс қалып жатыр деуге болады. Әзірше трансплантация мәселесіне қатысты тек Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру шарасы ұйымдастырылады. Қоғамда бұдан әрі ақпараттандыруды арттыру үшін, өзге қалаларда да осындай фестивальді өткізуге тиіспіз», - деді Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров.
Қазіргі сәтте көп пациент бүйрек трансплантациясын қажет етеді – 4208 адам. Сонымен қатар 293 адам бауыр, 208 адам жүрек, 30 адам өкпе, ал 5 адам «жүрек-өкпе» кешенін трансплантациялауды күтуде.

«Жастайымнан денсаулығым сыр беріп, 30 жасқа келгенде, қос бүйрегім істен шықты. 2018-2022 жылдар аралығында гемодиализ алдым. Ал 2022 жылы мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясы жасалды.
Содан бері 4 жыл бойы баламның қасында болып, өмірдің әр сәтін бағалап келемін. Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестиваліне 2022 жылдан бері белсенді қатысып жүрмін. Бір шақырым ғана жүгірсем де, мен үшін өмір күрес дегім келеді.
Менің ойымша, Jüregımnıñ Jenımpazy трансплантация кезегінде тұрған жандарға үміт сыйлайды», - деп бүйрек трансплантациясын жасаған Анар Шайсұлтанова өз ойын бөлісті.
Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде ағза трансплантациясы бойынша 150 операция жасалды. Оның ішінде 108 бүйрек трансплантациясы, 31 бауыр трансплантациясы, 5 жүрек трансплантациясы, 2 өкпе трансплантациясы орындалды.
Фестиваль аясында тұрғындарға трансплантация бойынша ақпараттар кеңінен түсіндіріліп, Орынхан, Мархаба Сәби, сондай-ақ Бүркіт пен Аиша сынды танымал әншілер шараның көркін қыздырды.