Астанада Эндоскопиялық орталықтың ашылуы өтті
Астана әкімдігінің Көпсалалы медициналық орталығында онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған жоғары технологиялық Эндоскопиялық орталықтың ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2010 жылдан бастап қызмет көрсетіп келе жатқан Эндоскопия бөлімшесіне жаңадан процедуралық кабинеттер мен құрал-жабдықтар қосылып, орталық болып қайта құрылып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр.

«Бүгін біздің Эндоскопиялық орталық күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынып орналастырылғаннан кейін, ашылу салтанатына жиналып отырмыз.
Науқастарымыз мен дәрігерлеріміздің игілігіне жарасын», - деді Көпсалалы медицина орталығының директоры Мұхтар Төлеутаев орталықтың ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Осы эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Зеленый бірнеше айға созылған күрделі жөндеуден кейін бөлімше кеңейіп қалғанын айтады.
«Бүгін жаңартылған Эндоскопиялық орталықтың ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Жалпы Эндоскопиялық бөлімше 2010 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мен 15 жылдан бері осы жерде дәрігерлік қызметімді атқарып келе жатырмын. Қазір бөлімше күрделі жөндеуден өтіп, эндоскопиялық құрал-жабдықтармен толықтырылып, үлкен орталық ретінде ашылып отыр. Бізге – дәрігерлерге жұмыс істеуге жайлы жағдай жасалып отыр. Эндоскоптар, әсіресе, қатерлі ісік ауруларын ерте анықтауға көмектеседі, қажет болған жағдайда ота да жасаймыз. Біз күн сайын көмей, жұтқыншақ, өңеш, асқазан, 12 елі ішек, тоқ ішек, мұрынды диагностикадан өткіземіз», - деді бөлімше меңгерушісі.
