Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды

Астанада еліміздің үздік кітапханашылары марапатталды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрлігінде Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында кітапхана мамандарының еңбегін бағалау, кітап оқуды насихаттау және мамандық мәртебесін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Салтанатты рәсім барысында білім беру жүйесін дамытуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және оқу мәдениетін ілгерілетуге елеулі үлес қосқан мамандар марапатталды. Министрліктің бұйрығына сәйкес 2 қызметкер «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды, тағы 28 маман Оқу-ағарту министрінің алғыс хатына ие болды.

Жиында жас оқырмандардың, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Кеш барысында музыкалық нөмірлер, Абай Құнанбайұлының шығармалары және қазақ өнерінің алтын қорына енген туындылар орындалды.

Еске сала кетсек, елімізде көпшілікке арналған 3,9 мың кітапхана жұмыс істейді. Онда жиынтық қор 110,3 млн басылымға жетеді, оның ішінде 69,6 млн – кітап.