Астанада БАҚ лиганың қысқы маусымы аяқталды

28 наурыз, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада БАҚ лиганың қысқы маусымы аяқталды
Фото: BAQ LIGA

Астанада БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған дәстүрлі BAQ LIGA қысқы маусымы мәресіне жетті. Еліміздің әртүрлі редакцияларынан құралған жиырмадан астам команда екі жарым айдан астам уақыт бойы үздіктерді анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Биыл BAQ LIGA тұңғыш рет футзал мен волейбол бәсекелерін қатар өткізді. Елордамыздың Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған қысқы маусымға футзалдан 12, волейболдан 9 команда қатысты.

Жарыстың форматы бойынша футзал командалары әлеуеттері мен өткен маусымдардағы орындарына сәйкес, екі Лигаға бөлінді. «А» лигасында «Қазмедиа» командасы соңғы турда басты бәсекелесі, әртүрлі БАҚ өкілдерінен құралған Qurman командасын жеңіп, кезекті рет чемпион атанса, «Қазақстан» телерадио корпорациясының Abai командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал «В» лигасында Asnews.kz командасы бас жүлдені қанжығаларына байлап, «Хабар» агенттігі екінші орынмен келесі маусымда «А» лигасына жолдаманы жеңіп алды.

Футзалмен қатар өткен волейбол бәсекесінде Atameken business телеарнасына қарсылас шақ келген жоқ. Финалда «Хабар» агенттігімен кездескен олар қосымша сетте жеңісті жұлып алып, BAQ LIGA-ның төрт дүркін чемпионы атанды. Үздік үштікті жас журналистерден құралған Shanyraq командасы түйіндеді.

Биыл BAQ LIGA маусымына футзал және волейболдан «Қазмедиа» орталығы, «Қазақпарат» агенттігі, Президенттік телерадио кешені, Atameken business телеарнасы, «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» телерадио корпорациясы, «Егемен Қазақстан» газеті, Elorda Аqparat медиахолдингі, Sadaq media агенттігі, Beksport, QRnews, ASnews және Atyrau, Turki tilmash, Dodager, Shanyraq, Qurman құрама командалары қатысты.

Айта кетейік, байрағын 2016 жылдың 10 желтоқсанында желбіреткен BAQ liga – Қазақстан БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, редакциялар арасында көпір орнатып, әріптестік татулықты арттыруға бағытталған жоба.