Астанада алиментті уақытылы төлемеген азаматтан тұрақсыздық айыбы өндірілді
Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алименттік міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыбын өндіру туралы азаматтық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Талап қоюшы тарапынан соңғы екі жылдағы алимент берешегінің есебі ұсынылды.
Сот жауапкердің алимент төлеу жөніндегі өз міндетін ұзақ уақыт бойы орындамағанын анықтады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 171-бабының 1-тармағына сәйкес, алимент бойынша берешек сомасынан әрбір кешіктірілген күн үшін 0,1 % мөлшерінде тұрақсыздық айыбы көзделген. Сондай-ақ ҚР Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 Нормативтік қаулысын және «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның ережелерін басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз бар деген қорытындыға келді.
«Алимент бойынша берешектің туындауына борышкердің кінәсінің болуы өсімпұл өндірудің міндетті шарты болып табылады.
Бұл ретте тұрақсыздық айыбын тек сотқа жүгінгенге дейінгі 3 жылдан аспайтын кезең үшін ғана өндіріп алынады.
Ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, жауапкердің алименттік міндеттемені орындамағанын және оны жауаптылықтан босататын заңды негіздердің жоқ екенін анықтаған сот талап қоюшының талаптарын қанағаттандырды.
Жауапкерден талап қоюшының пайдасына 785 815 теңге мөлшерінде тұрақсыздық айыбы өндірілді», - делінген хабарламада.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Бұған дейін Павлодарда екі баласына 3,5 млн теңге алимент төлемеген тұрғын анықталған болатын.