Астананың Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет ересектер мен жастар арасында садақ атудан Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
1-5 желтоқсан аралығында өтетін бәсекеге еліміздің 12 өңірінен келген 300-ден астам спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында Олимпиада, Азия ойындары, әлем және Азия чемпионаттарының қатысушылары мен жүлдегерлері бар.

Осы орайда жылдың қорытынды жарысының салтанатты рәсімі өтіп, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, ҚР ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Өсімбеков, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов өз тілектерін білдірді.
«Садақ ату – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық рух пен ерліктің символы. Бүгінде осы дәстүріміз заманауи спортпен жалғасып келе жатыр. 2025 жыл садақ ату федерациясы үшін өте табысты әрі тарихи жыл болды. Қыркүйек айында ғана Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында блоктық садақ атудан әйелдер құрамасы тарихи қола жүлдеге ие болды. Ал ерлер құрамасы қараша айында Бангладеште өткен Азия чемпионатында командалық сайыста алғаш рет чемпион атанды. Бұрын-соңды тіркелмеген жетістікте жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегі өте зор. Енді 2026 жылы барлығымызды жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Осы орайда ұлттық құрама толыққанды дайын болады деп сенемін», - деді ұлттық садақ ату федерациясының президенті Азамат Өсімбеков.

Чемпионат аясында жекелей және командалық сайыста 20 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал финалдар 5 желтоқсанға жоспарланған.
«Садақ атуда чемпионат жазғы және қысқы болып бөлінеді. Жазғы маусымда спортшылар 50 және 70 метр қашықтықтан атса, қыс мезгілінде нысананың қашықтығы 18 метрді ғана құрайды. Бұған дейін қысқы чемпионаттар Шымкент, Теміртау қалаларында ұйымдастырылып еді. Енді алғаш рет Астанадағы заманауи спорт кешенінде өткізудің сәті түсті. Жылы әрі спортшыларға өте қолайлы», - деп садақ атудан ұлттық құраманың бас бапкері Бауыржан Жолдыбаев ризашылығын білдірді.
Ашылу салтанатында Токио және Париж Олимпиадасының қатысушысы Ильфат Абдуллин мен блоктық садақ атудан Азия чемпионы Андрей Тютюн өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ құрметті қонақтар да садақты қолға алып, өз бақтарын сынап көрді.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні іріктеу кезеңі өтеді. Ал ертең плей-офф кезеңдері басталады.
Қазақстан чемпионатында спортшылар жеке, аралас жұптық, командалық сайыс түрлерінде жүлдегерлерді анықтайды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы Бангладештің Дакка қаласында садақ атудан Азия чемпионатында тарихи жеңіске қол жеткізіп, алғаш рет блоктық садақ атудан алтын медаль жеңіп алған болатын.